Новостной портал общественно-политического еженедельника "Иле-Таны"
Главная
Главная
ru kz
Илийский районный общественно-политический еженедельник
ГлавнаяНовостиРухани ЖаңғыруШЫНДЫҚ – СӨЗДІҢ, АР-ҰЯТТЫҢ АНАСЫ
20 Июня 2019

ШЫНДЫҚ – СӨЗДІҢ, АР-ҰЯТТЫҢ АНАСЫ

Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы мәдени-рухани салаға тың серпіліс әкелді. Бұл – тарих ғылымын жүйелі түрде, жаңаша көзқараспен жазу, қазақ даласындағы өркениеттердің мәдени даму үдересіне қосқан үлесін айқындау. Елбасы: «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ...» деген болатын.

Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» мақаласы жарияланғаны белгілі. Бұл бағдарламалық мақала «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласының жалғасы іспеттес. Мұндай мақала қоғамдық талдауды қажет етеді. Былайша айтқанда, стратегиялық құжат. Бұл – бір, екі күннің мәселесі емес, ұзақ жылға арналған бағдар. «Біз руханиятымызды қалай жаңғыртамыз?» деген сауалға бірлесіп жауап іздесек деймін. Бұл мәселені Джон Кеннеди айтпақшы, «Мемлекет маған не береді емес, мен мемлекетке не беремін?» деген тұрғыдан қарастырып көрсек. Президенттің алдыңғы мақаласы да, кейінгісі де көптің көңілінен шығып жатқандығында дау жоқ. Бізде кейде білімді, зиялы қасиеттер табылмай жатады. Мына мақала ойымызды дөп басқан, болашағымызды нақты көрсеткен деп мақаланы мақтаймыз да, сонда талап етілген нәрсені жүзеге асыруға келгенде сөзден әрі аспай жатамыз. Бұл біздің негізгі мініміз деп ойлаймын. Тарихшылар тарихты сала-сала бойынша зерттеп жүр. Бірақ менде күдік көп. Мысалы, тілді білме деп балаға айта алмайсың. Әркім өз баласының тілді меңгеріп, әлемді еркін аралағанын қалайды. Ол үшін ағылшын тілі керек екендігін бәріміз түсінеміз. Бірақ әр бала полиглот болуы мүмкін емес. Біз балабақшадан бастап қазақ, орыс, ағылшын тілінде оқытамыз дейміз. Бұған еш қарсылық жоқ. Бала үш тіл емес, бес тілді де үйреніп кетуі мүмкін. Өйткені баланың миы өте қабілетті. Алайда «содан қазақ халқы не ұтады?» деген заңды сұрақ туады. 28 жыл болды Қазақстан мемлекеті әлемде өз орнын анықтай алмауда. үкімет те, министрліктер де, облыс, әрісі аудан әкімдері де орысша сөйлейді. Біз отарлық жүйеден толық шығып кете алмадық. Қазір жартымыз қазақ тілінде, жартымыз орыс тілінде сөйлейміз. Орыс тілінде сөйлейтіндерге қазақ тілі қажет емес. Ал қазақ тілін білетіндер орыс тілін меңгеруге мәжбүр. Қазақ тілі бәлендей қажеттігі жоқ сияқты. Ойланып көріңізші, 6 жастан бастап ағылшын тілін білген балаға қазақ тілі керек пе?! Осыдан қатты қорқам. Қазақ тілінің болашағын қазірден бастап ойлау қажет. Енді әліпби мәселесіне келсек, Президент «латынға көшу керек» деді. Оны жұрт қолдады. Латынға көшу арқылы тілдің бодандығынан құтылатын шығармыз дедік. Тілдің бодандығы дегеніміз не? Қазақ тілінің грамматикасы – орыс тілінің грамматикасы. Мәселен, «қиын» деген сөзді неге «қыйын» деп жазбаймыз? Белгілі ғалым Ахмет Байтұрсынұлы: «Түркі тілдерінің ішінде ең әуезді тіл – қазақ тілі» деген. Бізде 29 ғана әріп бар. Бұл әріп – барша мұсылманның мақтанышы. Ал «и»-ды неге кіргіздік? Орыс тіліндегі «и» әрпін қазақ тіліне өзіміздің ғалымдар енгізді. Енді жаңғыру кезеңінде неге бұдан құтылмаймыз? 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенде 29 әріп болды. Неге соны алмадық? Бізде неге дыбыс көбейе береді? Осы мәселені жорналшы қауым көтеріп, қозғау салу керек. Бұл – болашақтың қамы. Қазір телеарнаны тыңдасаңыз, әуезді сөз естімейсіз. Былдыр-батпақ, быдық сөз. Сөзі кеткен халық бірте-бірте құрдымға кетеді. Мына түркітілдес болгар халқы славян болып шыға келді. Ең бастысы, пікір додасы керек. Жөнсіз мақтан, өтірік сөз көбейіп кетті. Шындық – сөздің, ар-ұяттың анасы. «Ұлы даланың жеті қырын», рухани жаңғыруды пайдаланып халықтың құлағына құю керек.

 

                                                                                                     

Автор:      Г.ҚҰРМАНБАЕВА