Іле таңы қоғамдық -саяси газетінің жаңалық порталы
Басты бет
Басты бет
ru kz
Іле аудандық қоғамдық – саяси апталық
15 Ақпан 2019

ДӘСТҮР ТАҒЫЛЫМЫ

Қандай байлық болмасын, оның түбі бір сарқылатыны хақ. Сарқылмайтын, терең бойлаған сайын, керісінше, ауқымы арта түсетін бір байлық бар болса, ол,сөзсіз – білім.

Елбасы Н. Назарбаев: «Өзіне-өзі сын көзімен қарамайтын халық болашағына көп үміт арта алмайды. Біз бойымыздағы озығымыздан үйреніп, тозығымыздан жирене білсек қана өркениетті мемлекет, еңселі ел боламыз», – дейді.

Егер сіз тұнып тұрған тұңғиық теңізге тас лақтырсаңыз, теңіздің беті де, түбі де толқынданады. Сол теңіздің бетіндегі толқындар оның табан тереңінен бастау алады. Демек, қоғамды теңіз деп алсақ, оған тас кейпінде тасталған әрбір ғылыми жаңалық, өркениеттік өзгеріс (цивилизациялық прогресс) адам психологиясының циркуляциясын айналып өтпейтіні – екі бастан – даусыз.

Осы тұрғыдан алғанда, бір кездері халықты жаппай сауаттандырған, рухани білімінің көзіне айналған көгілдір экран бармақ басты, көз қысты әрекетпен, екі иығын жұлып жеген кем талантқа толды. Жалпақ жұрт «іші алтын, сырты күміс» сөз жақсысын айыра алмайтын хәлге жетті. Бәһра алу қайда, бақаша шулап дағдарып қалған жайымыз бар.

Біз,өкініштісі сол, ХХІ ғасырдың жансарайына жаһанданудың жүгін жиямыз деп, төрдегі қос құлақ көк сандықты сыртқа атып ұрдық. Ал сол көк сандықтың ішінде адамгершілік сезімге оралып, дәстүріміз десте-десте күйінде жиюлы тұрғанын ешбіріміз ескермеппіз-ау...

Кей-кейде даңғаза дүрмекте сыртымыз дүрдей болып отырғанмен, ішіміздегі бір уыс жанымыз қуыс кеудемізге сыймай қалатыны болады. Осы мәурітте көңілің көшкен ауыл ошағының түтініндей тобарсып, жан дүниеңде әлдене үзілгендей болып,көмейіңе өксік кептеледі. Бақсам, жүрек сонда құлазып, ботасы өлген інгендей ыңыранып, үңірейіп тұрған бос орынға қарап, «көк сандықты» жоқтайды екен ғой. Жүрек шіркін «көк сандықтың» ішіндегі қанға сіңді ата-баба дәстүрінің дәріптелгенін қалайды екен ғой...

Қазақтың салт-дәстүрлері жарты құртты жарып жеп, бүтін құртты бөліп жеуге, Абайша айтсақ: «Досыңа достық – қарыз іс, дұшпаныңа да әділ болуға» үндеп, қалтарыс-бұлтарысы мың сан қабат өмірге адамгершілік мұнарасынан қарауға үйретеді. Азамат ердің баласы ағайын-туысқа «жол-жоралғысын» жасап, дос-жаранға «атсүйек беріп», «жолдастық қарызын» өтеп, «ноқта ағасының» «бармағын жалап» күнелткен.

Дана халқымыз: «Көршің үшін намазыңды бұз»,- деп, алыстағы ағайыннан жақындағы қоңысын қолай көрген. «Үй алмай,көрші алып», қатар отырғанда – сыйластық, қоштасарда – қимастық танытып, «көрші ақысына» адал болған. Ауыл ортасына жаңа үй көшіп келсе, «ерулікке» шығып, араға аяқ-табақ қатынатқан. «Көңіл сұрасып» келген қонағына «көңіл шайын» беріп: «Қуыс үйден құр шықпайды»,-деп балаларға «көгентүп», жасы үлкенге «тоғызын» қоса үлестірген. Көңіл жетер жердегі ағайынның тірісіне «сәлемдеме» жолдап, өлісіне «қара сыбаға» жөнелткен.

Бұл дәстүр – дала философиясының бір парасы ғана. Теңіздің дәмі тамшыдан дегендей, жоғарыда келтірілген салт-дәстүрдің өзінен, қазақ әр ненің байыбына барып, жөнге салып шешім шығарады және дәстүр-салттың дені жамандықтан қалас, жақсылыққа жанас жүруге тəрбиелі деуімізге толықтай негіз бар. Өйткені, қайсыбір дәстүрді дәріптесеңіз, арғы жағынан адами сезіммен астасып жатқан мейірім,сағыныш, қамқорлық, махаббат сынды – бүгінгі қоғам зәру – адамгершілік құндылықтар бас көтереді. Сондықтан болар, Елбасы: «Жастарымыз салт-дәстүрді көздің қарашығындай бағып жүретін, көптің көкейіне үміт отын жағып жүретін, адамзаттың озық ой көгінде ағып жүретіндей болуы керек», – деп болашақты барометрдей болжап, Мәңгілік Елге аяқ басқан жастарға қойылар талапты қадап-қадап айтқан болатын.

Осы тұрғыдан келгенде,біздің ұсынысымыз, ата дәстүрімізді дәріптеу жолында ел болып жұмылуымыз қажет. Қазіргі таңда,  дәстүрді дәріптеуге бір ғана Республикалық «Дәстүр» жорналы қызмет етуде. Жалғыз ағаш орман болып па? Жаяудың шаңы шығып па? Біз, Мемлекеттік мекемелерде, орта мектеп, лицей, колледждерде салт-дәстүр жақында дәрістер оқылып, ЖОО-ында «дәстүртану» пәні жолға қойылса құба-құп болар еді демекпіз. Ауданымыздың бас хабаршысы «Іле таңы» газетінде «Дәстүр дәріптейді» сынды арнайы айдар ашылып, газеттің әр санында қызықты ақпараттар ұсынылса екен дейміз. Республикалық деңгейде қарапайым бұқараға дәстүр көгілдір экран арқылы «Дәстүр» арнасы ретінде жол тартса, «Дәстүр» радиосы қолға алынса, рухани жағдайымыз бүгінгіден анағұрлым жақсарып, шын мәнісінде «рухани жаңғырар» ма едік дейміз

Құлазыған көңілге демеу, жығылған сенімге сүйеу боларлық жоғарыдағы идеяны іске асыру бағытында жұмыс жасауымыз керек. Осы «керектердің» жолында оқуымыз керек!

 

 

Автор: Ғабит НҰСҚАБАЙ, Междуреченск ауылдық округі әкімінің бас маманы